AP25794643 – Атмосфералық қысымдағы көмірсутек отындарын FTIR-спектроскопиялық фундаменталды зерттеуге арналған түбегейлі жаңа криоқондырғышты жаңғырту
Мақсаты – Төмен температурада (77 К) және атмосфералық қысымда (101325 Па, 1 атм.) көмірсутек отындарының қасиеттері туралы фундаменталды деректерді алу үшін FTIR-спектроскопиялық зерттеу бойынша технологияны жаңғырту және әдістемені әзірлеу.
Жобаның өзектілігі: Бұл жобаның өзектілігі атмосфералық қысым жағдайында төмен температураларда көмірсутектердің оптикалық қасиеттерін зерттеуге арналған эксперименттік әдістердің жетіспеушілігімен байланысты. Дәстүрлі спектроскопиялық зерттеулер ылғал мен қоспаларды жою үшін вакуумды талап етеді, бұл заттарды шынайы жағдайларда зерттеу мүмкіндігін шектейді. Соның нәтижесінде атмосфералық қысым жағдайындағы көмірсутекті отындардың қасиеттері туралы іргелі деректер өте аз. Жоба вакуумсыз төмен температураны сақтау, инертті және ИҚ-белсенді емес орта құру, сондай-ақ спектрлік шуды азайту сияқты негізгі мәселелерді шешуге бағытталған. Криогенді-капиллярлық жүйесі бар FTIR-спектроскопияға негізделген ұсынылған тәсіл атмосфералық қысымда 77 K дейінгі температурада дәл талдау жүргізуге мүмкіндік береді. Сондықтан бұл жоба эксперименттік мүмкіндіктерді кеңейтіп, жаңа іргелі деректер алуға және көмірсутектердің нақты жағдайдағы мінез-құлқын тереңірек түсінуге ықпал ететіндіктен аса өзекті болып табылады.
Ғылыми жетекші: PhD, Аға оқытушы, Кенбай Алишер Асылбекұлы
Күтілетін және қол жеткізілген нәтижелер: Жоба аясында криогенді-капиллярлық салқындату жүйесін жаңғырту бойынша елеулі нәтижелерге қол жеткізілді. Материалдарға талдау жүргізіліп, капиллярларды тиімді оқшаулау әдісі таңдалды, бұл жылу шығындарын азайтып, төмен температураларда жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді. Дірілді азайту және спектрлік шуды төмендету мақсатында демпферлік элементтері бар капиллярларды қатаң бекіту жүйесі әзірленіп, енгізілді. Қондырғының қозғалғыштығын арттыру үшін оны оңай жылжыту мен қызмет көрсетуді жеңілдететін дөңгелекті платформа жасалды. Сонымен қатар, жүйеге үлгілердің температурасын дәл реттеуге мүмкіндік беретін қыздырғыш элемент енгізілді. Металлдан жасалған үлгі ұстағыштың тұтқасы спектрометрдегі ұяшықты сенімді бекітуді қамтамасыз етті. Орнатылған кран (вентиль) сұйық және газ тәрізді азоттың берілуін дәл реттеуге мүмкіндік беріп, салқындату процесін басқаруды жақсартты. Сондай-ақ, қондырғының биіктігін реттеу жүйесі әзірленіп, ұяшықты дұрыс орналастыруға және сапалы ИҚ-спектрлер алуға жағдай жасалды.