Далада қолданылатын отандық электр көліктерін шығару

Сәтбаев Университеті отандық көліктерді, электромобильдерді, арбаларды, электротракторларды жасайды. Негізгі мақсат – тұтынушылар пайдалануы үшін жоғары сапалы және сенімді машиналар ұсыну. Университет инженерлері, студенттері мен жас мамандары осы жобамен айналысып, университет қабырғасында алған білімдерін тәжірибе жүзінде қолдануға, әрі тексеруге мүмкіндік туып отыр.
Қазіргі уақытта шағын өндіріске арналған машиналар жасалып, жетілдірілуде. Жобаны жүзеге асыру барысында электротракторлардың 3 тәжірибелік үлгісі жасалды, олар университет аумағында жұмыс істеу кезінде сынақтан өтті.
Жобаның авторы – Әлібек Ибрагим. Ол жобаны 2022 жылы арнайы техника шығару үшін ұтып алған университет грантымен бастаған. Содан бері рамалық конструкциялар мен машина схемаларының 6-дан астам нұсқалары жобаланып, құрастырылды.
Осылайша шағын электр тракторы жасалды, бұл – қала және ауыл шаруашылығы жағдайында жұмыс істеуге арналған арнайы машина. Электр тракторы дыбыссыз жұмыс істейді, ол осы қасиетімен ерекшеленеді. Трактордың қуаты моторының ерекшелігіне байланысты 2-ден 10 кВт-қа дейін өзгеріп тұрады.
Бұл машина келешекте жүк көліктері мен арнайы мақсаттағы көліктер жасап шығаруға арналған бірыңғай платформа ашуға мүмкіндік береді. Қолда бар бір платформаға өзгерістер енгізіп отыру әлдеқайда жеңіл, ең басты артықшылығы – әртүрлі машиналар үшін бірдей компоненттерді пайдалану.
Қазақстандық арнайы мақсаттағы электр машиналарын жасау еліміздің машина жасау саласы мен экономикасының дамуына ықпал ете отырып, жаңа өндіріс орындары мен жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Жобаның нәтижелері:
- Арнайы мақсаттағы электр машиналарының қолжетімділік деңгейін арттыру;
- Қазақстанда жаңа жұмыс орындарын ашу;
- Электрлік арнайы техникаға жергілікті қызмет көрсету және жөндеу;
- Әлемдік электромобильдер нарығында еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыру.

