AP26104425 – Лантаноидтар қатарының сирек кездесетін элементтерімен бериллийдің бинарлы интерметалдық қосылыстарын алу технологиясын әзірлеу
Мақсаты – Ұсынылып отырған жобаның мақсаты - лантаноидтар тобының сирек жер металдарымен бинарлы интерметалдық қосылыстарға негізделген жаңа материалдар алу мүмкіндігін зерттеу.
Жобаның өзектілігі: Зерттеудің өзектілігі жоғары температура, радиация және механикалық жүктемелер жағдайында жұмыс істейтін сутектік, ядролық және термоядролық энергетика үшін жаңа материалдарды әзірлеу қажеттілігімен байланысты. Бериллий және оның қорытпалары бірегей физика-механикалық және нейтрондық-физикалық қасиеттерге ие, бұл оларды аталған салаларда қолдануға перспективалы етеді.
Бериллийдің интерметалдық қосылыстары ерекше қызығушылық тудырады, себебі олар дәстүрлі материалдармен салыстырғанда жақсартылған сипаттамаларды қамтамасыз ете алады. Алайда қазіргі уақытта «бериллий – сирекжер металдары» жүйелері жеткілікті зерттелмеген, соның ішінде монофазалы қосылыстарды алу және олардың қасиеттерін зерттеу мәселелері.
Осыған байланысты бериллийдің лантаноидтармен интерметалдық қосылыстарын зерттеу жоғары технологиялық энергетика үшін жаңа перспективалы материалдарды жасауға бағытталған өзекті ғылыми міндет болып табылады.
Ғылыми жетекші: Кенжин Ерғазы Асиевич, физика-математика ғылымдарының кандидаты
Күтілетін және қол жеткізілген нәтижелер: Жобаны іске асыру барысында лантаноидтар тобының сирек жер металдары мен бериллийдің монофазалық бинарлы интерметалдық қосылыстарын алу параметрлері бойынша бірегей эксперименттік мәліметтер алынатын болады. Сонымен қатар, олардан физика-механикалық қасиеттерін зерттеу үшін ұнтақтар және тығыздалған қосылыстар түрінде үлгілер дайындалады.
Бұл жоба Қазақстан үшін айтарлықтай пайда әкелуі мүмкін, себебі елімізде орналасқан «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ әлемдегі бериллий негізіндегі бұйымдар шығаруға маманданған санаулы кәсіпорындардың бірі болып табылады. Сирек жер металдары бериллидтеріне негізделген жоғары маржиналды өнімдер қатарын кеңейту жоғары қосылған құнға ие бұйымдар өндірісіне тапсырыстар алуға, күрделі және жоғары дәлдіктегі бериллид бөлшектерін өңдеу технологияларын дамытуға, жоғары технологиялық өндірістердің дамуына және зауыттың орта және жоғары білікті мамандары үшін жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді. Бұл кәсіпорынның кірістерін, сәйкесінше, Қазақстан Республикасының бюджетіне түсетін салық түсімдерін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Жобаның ғылыми жаңалығы сирек жер металдарымен синтезделген бериллидтердің қасиеттері бойынша жүйелі эксперименттік деректердің болмауымен айқындалады.