AP25796413 – Қазақстандағы қатты пайдалы қазбаларды қарқынды өндіру аймақтарында геодинамикалық мониторингтің тиімділігін қамтамасыз ету үшін ғылыми-тәжірибелік процедуралардың бірыңғай технологиялық ретін әзірлеу
Мақсаты – Қазақстан Республикасындағы қатты пайдалы қазбаларды қарқынды өндіру аймақтарындағы табиғи және техногендік процестерді зерттеу кезінде ғарыштық және ГАЖ технологияларын қолдану арқылы геодинамикалық мониторингтің тиімділігін қамтамасыз ететін ғылыми-практикалық процедуралар жүйесінің біртұтас технологиялық реттілігін әзірлеу.
Жобаның өзектілігі: Қазақстан Республикасында тау-кен өндірісінің қарқынды дамуы жер қойнауының геодинамикалық жағдайын бақылау мәселесінің өзектілігін арттыруда. Қатты пайдалы қазбалар кенорындарын игеру барысында туындайтын табиғи-техногендік процестер жер қабатының кернеулі-деформациялық күйін өзгертіп, апатты жағдайларға әкелуі мүмкін. Соңғы жылдары орын алған қайғылы оқиғалар, соның ішінде өндірістік нысандардағы опырылулар, геодинамикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңыздылығын көрсетеді.Қазіргі таңда геодинамикалық процестерді болжау мен мониторинг жүргізу әдістерінің жеткіліксіз дамуы, сондай-ақ заманауи ғарыштық технологиялардың толық қолданылмауы бұл мәселені одан әрі күрделендіреді. Осыған байланысты жер қойнауының жай-күйін кешенді бақылау, қауіпті деформациялық процестерді уақтылы анықтау және болжау ғылыми әрі практикалық тұрғыдан аса өзекті міндет болып табылады.
Ғылыми жетекші: PhD, Құдайбергенова Сабина Сатыбалдықызы
Күтілетін және қол жеткізілген нәтижелер: Жобаның негізгі нәтижесі Қазақстан Республикасындағы қатты пайдалы қазбалар кенорындарында геодинамикалық мониторингтің тиімділігін арттыруға арналған бірыңғай ғылыми-тәжірибелік процедуралар жүйесін әзірлеу болып табылады. Ғарыштық деректер мен геоақпараттық жүйелерді қолдану арқылы табиғи және техногендік процестерді бақылау жүзеге асырылады, бұл геологиялық және экономикалық тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді. Жоба шетелдік ғылыми журналдарда мақалалар жариялауды, монографиялар дайындауды және әдістемелік нұсқаулар әзірлеуді көздейді. 2025 жылы фактографиялық деректер базасы құрылып, кенорындардың тау-геологиялық жағдайлары талданып, әдістер мен техникалық құралдар жүйелендірілді. Геодезиялық, спутниктік және геофизикалық бақылау әдістерінің қолданылу ерекшеліктері анықталды. Спутниктік және ГАЖ деректерін біріктіру негізінде әдістемелерді жетілдіру бағыттары белгіленді. Жобаның ғылыми жаңалығы – Қазақстан жағдайына бейімделген кешенді геодинамикалық мониторинг тәсілі.